Қазіргі таңда Түркістан облысында бірнеше кеден бекетін қайта құру, инфрақұрылымын дамыту және техникалық жарақтандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Қапланбек» кеден бекетін қайта құру жұмысынан соң нысан аумағы екі есеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде өткізу қабілеттілігі тәулігіне мың автокөлік және 10 мың жеке азаматқа дейін жетті.


Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің құрылымында 8 кеден бекеті мен 2 бақылап-өткізу пункті бар. 2025-2026 жылдары «Жібек Жолы» кеден бекетінің қайта құру жұмыстары жүргізілуіне байланысты жұмысы уақытша тоқтатылып, жеке жолаушылар ағынын, жеңіл автокөліктерді және жолаушылар автобустарын өткізу үшін 2025 жылдың қаңтарынан бастап «Қапланбек» кеден бекеті қайта іске қосылған. «Жібек Жолы» кеден бекетінің толық қайта құру және техникалық жарақтандыру жұмыстарын биыл аяқтау көзделген.


ЕРЛАН ТҰРЫСОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

2023 жылдың ақпан айында «Атамекен» кеден бекеттінің қайта құру және жаңғырту жұмыстары басталған. Жобаға сәйкес, кеден бекеттің аумағында жол жолақтарының саны екіден алтыға дейін кеңейтілді. Қайта құру жұмыстарынан кейін нысанның өткізу қабілеттілігі ұлғайып, тәулігіне 1 мың автокөлік және 12 мың жеке азаматты өткізу мүмкіндігі пайда болады. 2023 жылдың ақпан айынан бастап «Қазығұрт» кеден бекетінің қайта құру және жаңғырту жұмыстары басталды. Жобаға сәйкес, кеден бекетінің аумағында жол жолақтарының саны екі жолақтан алты жолаққа кеңейтілген. Аталған нысанның аумағы екі есеге дейін ұлғайтылып, тәулігіне 1 мың автокөлік және 10 мың жеке азаматты өткізуге мүмкіндік туды.


Кеден бекеттерінің аумағында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. «Қазығұрт» кеден бекетіне баратын жол бойында шамамен 1 гектар аумақта жеке көлік тұрағының құрылысы аяқталып, кезегін күтіп тұрған жүк автокөліктеріне арналған автотұрақ ашылды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жаңғырту жұмыстары жоспарға және стандарттарға сай атқарылсын. Анықталған кемшіліктерді жедел ретке келтіруді тапсырамын. Кеден бекеттерінің аумағындағы заңсыз нысандарды реттеу бойынша заң аясында нақты шара қабылдауды тапсырамын. Жұмысты жүйелеңіздер, сонда нәтиже болады. Тапсырмаларды немқұрайлы орындаған басшылардың жауапкершілігі қаралады, – деді


Қазіргі таңда Сарыағаш қаласы мен Жібек жолы елді мекенінің бас жоспарлары және егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленуде. «Қазығұрт» бекеті аумағын ретке келтіру бойынша ұсыныс жобасының эскизі әзірленіп, бірқатар заңсыз нысандар бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Ал, «Капланбек» өткізу пунктінің аумағын кезең-кезеңімен абаттандыру және жолды кеңейту жоспарланған.