Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қияр өсіруге маманданған «ҚазАгроном» ЖШС-нің жылыжай кешеніне барды. Аумағы 3 гектарды құрайтын кешеннің жылдық қуаттылығы шамамен 300 тонна қияр. Жобаға тартылған инвестиция көлемі 1 млрд тг. Өнім сапасымен және енгізілген технологиялармен таныса отырып, осындай инвестициялық жобаларды іске қосудың жаңа жұмыс орынын ашу мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызы зор екенін атап өтті.
Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданында демеушілер қаражаты есебінен жөндеуден өткен «Шымкент» ақпарат агенттігінің жаңа ғимаратын аралады. 35 жыл бойы редакцияның өз ғимараты болмаған еді. Енді ұжымның заманауи әрі нәтижелі жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Жаңа ғимарат медиа жобаларды кеңейтуге, қаладағы оқиғаларды халыққа жедел әрі сапалы жеткізуге, оқырманмен байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Бұл кеңістік кәсіби мамандардың басын қосатын алаңға әрі журналистиканы дамыту орталықтарының біріне айналатынына сенім мол. Бұдан бөлек, «Отбасын қолдау орталығына» барып, мекеменің қызметімен, мамандардың жұмыс жағдайымен және көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты. Орталық мемлекеттік отбасы саясатын іске асыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетеді. Әрі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын жүзеге асырады.