Түркістан облысының су спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жылды қорытындылау педогогикалық кеңесі өтті. Аталған спорт мектебінің шәкірттері 2023 жылды табысты аяқтады. Ел чемпионаттары мен әлемдік додаларда жалпы 478 медаль олжалап, облыс мерейін өсірді.
Түркістан облыстық су спорт түрлерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жылды қорытындылау педогогикалық кеңесі өтті. Жиынға аталған спорт мектебінің ұжымы мен аға жаттықтырушылары қатысып, жеткен жетістіктер мен кеткен қателіктер бойынша жан-жақты саралап, алдағы уақытқа бірқатар жоспарлар түзді. Әрбір аға бапкер жыл басынан бері атқарған жұмыстары жайында баяндамаларын оқып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Облыстық су спорт түрлері мектебінде спорттың 5 түрінен 397 спортшыны кәсіби тұрғыда 41 жаттықтырушы дайындайды. Мұнда академиялық есу, байдарка және каноэда есу, желкенді қайық, жүзу, триатлон спорт түрлері дамытылады.
Аталған спорт мектебінің шәкірттері 2023 оқу жылында Қазақстан чемпионаттары мен Кубоктарында 157 алтын, 147 күміс, 128 қола медальға қол жеткізді. Сондай-ақ, еліміздегі төрт жылда бір өтетін айтулы жарыс ҚР VI-шы жазғы спартакиадасында спортшылары 7 алтын, 8 күміс, 6 қола медальді қанжығалап, облыс қоржынына салды. Ал, Самарқандта өткен Азия чемпионатында байдарка және каноэда есуден 2 алтын, 6 күміс, 3 қола медаль иеленсе, параканоэдан 3 алтын, 3 күміс, 2 қола медальді еншіледі. Сонымен қатар, Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарына 12 спортшысы қатысып, 5 күміс, 1 қола медальді қанжығалап, ел мерейін үстем етті. Ресейдің Геленджик қаласында желкенді қайықтан өткен 32-ШІ Халықаралық Регатасында 1 қола медальға қол жеткізген. Алда төртжылдықтың басты додасы Париж олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады. Осы орайда мектептің бетке ұстар спортшылары Владислав Яковлев, Ульяна Киселева, Ольга Шмелева, Софья Сподаренко, Жаңыл Балтабаева, Темірхан Дайырбектер жолдама үшін дайындықтарын пысықтап жатыр. Айта кетейік, Германияның Дуйсбург қаласына өткен әлем чемпионатында талантты спортшысы Бибарыс Спатай паралимпиада ойындарының жолдамасын иеленген болатын. Жылды табысты аяқтаған спорт мекемесінің шәкірттері алдағы уақытта да Қазақстан намысын түрлі жарыстарда қорғайды.