Шымкентте мемлекеттік бюджет есебінен 97 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде жалпы ауданы 283,5 мың шаршы метр болатын 3 592 пәтерлі 57 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Биыл 190,7 мың шаршы метрлік 2 412 пәтер пайдалануға беріледі.
АЙГЕРІМ ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ
Қала тұрғындарының саны артып жатқандықтан, Шымкентте зәулім-зәулім ғимараттардың құрылысы қарқынды. Әсіресе, халықты қолжетімді және сапалы баспанамен қамту өзектілігін жойған емес. Сатистикаға көз жүгіртсек, қазіргі таңда қалада 7 білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп, оның 6-ы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал, Денсаулық сақтау саласы бойынша диагностикалық орталық пен қан орталығы кеңейтіліп, жұмыстар аяқталуға жақын. Сондай-ақ биыл «Ақжайық» шағын ауданында 200 орынды жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы басталады. Сапаға қойылатын талаптар күшейтіліп, кепілдік мерзімі 7 жылға дейін ұзартылды. Қаладағы құрылыс қарқыны тұрғын үймен қамтамасыз етуді ғана емес, экономикалық өсімді де қуаттайды.