Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ІІ дүние жүзілік соғыс ардагерінің шаңырағына арнайы барып, жеңіс күнімен құттықтады. Ордабасы ауданында Қалмен Мұратов атты қарт сарбаз тұрады. Елі үшін етігімен қан кешіп, жауған оққа кеудесін тосқан қаһарман Калинин облысы мен Беларусь майданында күрес жүргізген. Ер еңбегін елі елеп, өңір басшысы ардагер кеудесіне президент медалін тақты.


1924 жылы туған сарбаз әскер қатарына 18 жасында алынған. Отан үшін от кешіп оны жанқиярлықпен қорғаған батыр «Құрмет белгісі», «І дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Еңбек ардагері соғыстан соң Бөржар ауылында «Сталин» колхозының бригадирі, 1973 жылдан зейнет жасына дейін теміржолшы болып жұмыс істеген. Бүгінде ол 6 ұл мен 2 қыздан 31 немере мен 34 шөбере көріп отырған бақытты ақсақал. Облыс әкімі Президент жарлығына сәйкес ардагер кеудесіне «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» бірыңғай мерекелік медалін тағып, құттықтады.


Адагер шаңырағына әкери окрестор ұжымы да арнайы келіп, мерекелік тарту орындады.


Түркістан облысында Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне 5 млн теңге көлемінде біржолғы қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар тыл еңбеккерлері және жеңіске үлес қосқан басқа да санаттағы азаматтарға 50-100 мың теңге аралығында сыйақы берілген. Айта кетейік, өңірден екінші дүние жүзілік соғысқа 140 мыңнан астам азамат аттанып, 70 мыңы елге оралған. Оның 51-і Кеңес Одағының батыры, 1-і Халық қаһарманы және 8-і III дәрежелі «Даңқ» ордені кавалері атағын алған. Бүгінде облыста көзі тірі 8 соғыс ардагері бар. Оларға тек мереке қарсаңында ғана емес, жыл бойы түрлі көңіл бөлініп, көмек көрсетіледі. Жеңіске үлесі бар 3 мың азаматқа «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медальдары табысталып, 8 ардагерге Мемлекет басшысының атынан арнайы құттықтау адресаты тапсырылды.