«Бір нан бір оқпен тең». Бұл сөздер соғыс жылдарында жәй ғана ұран емес, әр наубайшы мен аспаздың жүрегінде жазылған анты еді. Миллиондаған сарбаз сол жандардың дайындаған асынан күш алып жеңісті жақындатты. Алдыңғы шептегі үнсіз батырларымызды еске алған Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің ұжымы Жеңістің 80 жылдығы аясында майдан даласындағы түсті асты дайындады.
Соғыс жылдарында аспаздар мен наубайшылардың сонымен қатар, даяшылардың еңбегі ауыр да жауапты болды. Олар күніне мыңдаған бөлке нан пісіріп, оқ пен оттың арасында күн-түн демей ас дайындады. “Жауынгерлік жағдайдағы наубайшының жұмысы” тақырыбында өткен бүгінгі теориялық сабақта батыр наубайшы Даниил Кютенин, Иван Середа, қазақ жігіті Сапарбектің еңбектері дәріптеліп, естеліктер айтылды.
Майданда асхана жабдықтары көбіне далалық жағдайда орналасты. Алқымнан алған азық-түлік тапшылығы тағы бар. Соған қарамастан бар нәрседен дәмді әрі қоректік тағам дайындаған аспаздардың ерлігін ескерусіз қалдыруға сірә де болмас. Бүгінгі өткен тәжірибелік сабақта сарбаздардың түсті асы дайындалып, тары ботқасы жасалды. Дәруменге бай сәбіз шәйі қайнатылып, тойымды әрі пайдалы арпа наны пісірілді.
Майдан даласында берілген түскі астан дәм татқан студенттер ерекше әсерге бөленгендерін айтады. Осылайша, олар оқып жатқан мамандықтарының маңыздылығына терең бойлап, қандай жағдайда болмасын жұмысшы мамандарының сұранысқа ие екеніне көз жеткізді.