Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің «Достық» қыздар командасы республикалық жарыстан олжалы оралды. Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастырған студенттік футзалдан қыздар лигасы жарыс жолында бес бірдей команданы ойсырата жеңіп, бірінші орынды иеленді. Бұл – олардың жеті жыл қатарынан жеңіс тұғырынан көрінуі. Астанада өткен аяқ доп шеберлері чемпионатының жеңімпаздарын темір жол бекетінен күтіп алған тілшіміз толықтырсын.
Байрақты бәсекеге еліміздің әр қиырынан келген ең үздік студенттік командалар қатысты. Сайыстың басты мақсаты – студент қыздар арасында футзал спортын кеңінен насихаттау, салауатты өмір салтын дәріптеу және еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы достық байланысты арттыру. 12 ойыншыдан құралған команданың дайындығы бұл жолы да жоғары деңгейде болған. Нәтижесінде «Достық» қыздар командасы 7 жыл қатарынан жеңіс тұғырынан түспей келеді.
Бұл жеңіс – тек команданың емес, бүкіл университет ұжымының ортақ қуанышы. Бүгінде оқу ордасында спортқа қызығушылық танытқан студенттерге барлық жағдай жасалған. Заманауи спорт залдары мен кәсіби жаттықтырушылардың қолдауы жастардың спортқа деген ынтасын арттырып отыр. «Достық» командасы – тек атауына сай емес, нағыз ауызбіршілік пен қажырлы еңбекке негізделген жеңіс символы, дейді оқу орда оқытушылары.
Сонымен қатар университет студенттері білім алып қана қоймай, түрлі шығармашылық бағыттарда да өз қабілеттерін дамытып келеді. Бұл жан-жақты дамыған жаңа буынды қалыптастырудағы маңызды қадам. Алдағы уақытта оқу ордасы республикалық деңгейде ірі спорттық жарыстар өткізуді жоспарлап отыр. Бастама білім мен спортты ұштастырып, жастар арасында салауатты өмір салтын одан әрі насихаттауға бағытталмақ.