«Сатқындық». Осындай атаумен Өзбек драма театрында қоғамға ой саларлық, түрлі жат ағымдардан сақтандыруға үндейтін қойылым сахналанды. Спектакль болған оқиға желісімен қойылған. Онда әлеуметтік желілердегі шетелдік радикалды уағызшылардың уағызын тыңдап, теріс діни ағымның құрығына түскен азаматтың басынан кешкені баяндалады.
Театрландырылған туындының режиссері Ташкенттен арнайы шақырылған белгілі маман Сайфиддин Мелейев. Ол қойылымның басты мақсаты жастарды оңай табыс пен теріс ағымдардың арбауынан қорғау екенін айтады.
САЙФИДДИН МЕЛЕЙЕВ, РЕЖИССЕР
Бүгінде жастардың жеңіл жолмен ақша табуға қызығатыны алаңдатады. Бұл жол жақсылыққа апармайды. Бұл қойылым арқылы біз жастарға адал еңбек етудің маңыздылығын жеткізуді мақсат еттік. Дұрыс жолда жүріп, өз болашағыңызды құрметтеңіз.
Қойылымның басты кейіпкері Зафардың бейнесін Өзбек драма театрының көркемдік жетекшісі, 20 жылдан астам тәжірибесі бар актер Жавлон Сайдиев сомдады. Ол театр саласында 30-ға жуық спектакльде ойнап, 15-тен аса қойылымды шебер сомдаған. Бұл жолы актер теріс ағымның ықпалына түсіп, жақындарына қиянат жасаған Зафардың ішкі драмасын әсерлі жеткізді.
ЖАВЛОН САЙДИЕВ, АКТЕР
Жалпы бұл біздің қоғамда болып жатқан оқиғалардың біреуі. Бұндай оқиғаларды тыңдап, көріп, біліп, өмірде болған оқиғаларды бір тізбекке салып, сол сенариді жаздық. Саханалап отырмыз. Бір актерымыз басты кейіпкер менің досым болып ойнайтын Аббас деген кейіпкерді сомдайтын, Ташкенттің танымал актеры. Бірге біріккен жоба болып отыр.
Сахналық көрсетілімді ұйымдастырған Шымкент қаласының дін істері басқармасы мұндай жобалардың діни тұрақтылықты сақтауда маңызды екенін атап өтті.
АЙДОС ОРАЛБАЕВ, ДІН МӘСЕЛЕЛЕРІН ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Мақсат қаладағы діни тұрақтылықты қамтамасыз ету. Діни экстремизм мен терроризмнің жастарға, үлкендерге тигізетін қаупін айтып, тәрбие беру мақсатында әртүрлі дискрутивті діни ағымнан сақтану мақсатында осындай іс шаралар өткізіледі. Қазір әлеуметтік желіде көптеген жастарымыз әртүрлі діни ағымға кетіп баражатқаны ақиқат. Содан біз жастарды сақтап қалуымыз керек.
Қазақ және өзбек тілдерінде қойылған бұл туынды «Қазақ Шың» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті. Мұндай әлеуметтік маңызы бар қойылымдар діни тұрақтылықты нығайтуға және қоғамдағы теріс ағымдардың алдын алуға ықпал етеді.