Үшінші мегаполистің жартысы орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылған. Өркениет игілігін қаланың орталық бөлігі көріп келеді. Мәселен 234 мың халқы бар Әл-Фараби ауданының 87 пайызы сарқынды су жүйесіне қосылған. Ауданы әкімдігінің өкілдері 2025 жылға дейін шеткі елдімекендерді толық қамтимыз деп отыр.
Әл-Фараби ауданының басым бөлігі қаланың орталық бөлігінде жатыр. Сондықтан мұнда инфрақұрылым мәселесі толық шешілген. Тұрғындар ауыз су, көгілдір отын, электр жарығынан тапшылық көріп отырған жоқ.
Қазіргі таңда ауданның 87 пайызы орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Жауаптылар енді 2025 жылға дейін шеткі елдімекендерді сарқынды су жүйесіне қосуды жоспарлапты.
Айта өтейік бүгінде екі мыңдай көпқабатты және қырық мыңнан аса жеке үй кәріз жүйесіне қосылған. Бұл шаһардың 54 пайызын құрайды. Биыл жауаптылар 19 нысанда құрылыс жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл мақсатқа 9,1 миллиард теңге қаржы қаралған. Оның 7,3 миллиарды республикалық бюджеттен болса, 1,8-і қала бюджетінен.