Қайтарымсыз грант алып, кәсіп бастаған кәсіпкерлер қатары  Төле би   ауданында артып келеді. Кәсіпкерлікке  ебі бардың бірқатары түрлі кондитерлік өнімдерін саудалап қана қоймай алмадан жасалынған қақ жасап табыс көзіне айналдырған. Ерекше кәсіппен айналысып,  жұмыспен қамтып отырғандардың бизнесімен біздің арнаның түсірілім тобы танысып қайтты.

Мемлекеттен ұсынылған мүмкіндікті  пайдаланып отырған кәсіпкердің бірі-Феруза Басуова. Табиғи алмадан арнайы жабдықтармен қақ жасайды. Құрылғының жеткіліксіздігінен кәсібі жанданбаған  болса, бүгінде қайтарымсыз қаражат алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Қазіргі таңда күніне 10 келіден астам арнайы қақ пастилаларын шығарады.Шығарылған өнім еш қоспасыз, жас пен кәрінің денсаулығына тигізер пайдасы мол дейді кәсіпкер.

Айтып өтейік, Төле би ауданында жыл басынан бері 90 азаматқа қайтарымсыз грант беру жоспарланған болса, наурыз айында-22 азаматқа мемлекеттік грант табысталған. Бастама әлеуметтік осал топтағы азаматтарға қолдау ретінде қолға алынған.

Қайтарымсыз қаражат үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі тәуелсіз комиссиялардың шешімі негізінде беріледі. Комиссия құрамына қоғам белсенділері, БАҚ өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді. Айтып өтейік, 400 АЕК көлеміндегі гранттарды үлестіру әлі де жалғасады.