Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту жобасы жүзеге асырылмақ. Бұл туралы еліміздің Энергетика вице-министрі  мен қала әкімі қатысуымен өткен мәжілісте айтылды. Жиында зауытты ұлғайтуға бағытталған Жол картасын жүзеге асыру тетіктері мен өзекті мәселелер қаралды.

Мәжілісте қала әкімі зауытты кеңейту жобасын жүзеге асыру барысындағы жұмыстарға тоқталды. Шымкент мұнай өңдеу зауыты – еліміздегі жетекші 3 кәсіпорынның бірі екенін жеткізді. Қазір Үкімет аталған зауыттың жылдық қуатын 12 млн тоннаға дейін ұлғайту бойынша тапсырма берген. Осы мақсатта Энергетика министрлігі мен кәсіпорын басшылары Қытай еліне іссапарға барған. Онда өндірістік қуатты ұлғайту бойынша CNPC стратегиялық әріптестерімен бірлескен жұмыс туралы уағдаластыққа қол жеткізген. Өз кезегінде қалда әкімі жобаның маңыздылығы мен ауқымдылығы ескеріліп, әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты. Осы орайда әкімдік пен кәсіпорын мамандары бірлесіп, мұнай өңдеу зауытын кеңейту жобасын жүзеге асыру бойынша Жол картасын талқылап, әзірлегенін айтты. Жол картасының орындалу барысы жеке бақылауымда болады, – деді қала басшысы.