Келесі жылдан бастап, қажылыққа бару талаптары өзгереді. Бұл туралы ҚМДБ Төрағасының орынбасары Ершат Оңғар баспасөз отырысы барысында мәлімдеді. Бұл ретте, 17 туристік фирма бекітілген.
Жылтыраған жарнамасына алданып, мұсылмандық бес парыздың бірін орындай алмай қалмаңыз. Келеңсіздіктердің жолын кесу мақсатында, енді қажылыққа бару талаптары өзгерді. Бұл ретте, 17 турфирма бекітіліп, тек соларда тіркелген азаматтар ғана қажылыққа бара алады. Олардың тізімін ҚМДБ сайты мен мешіттегі ақпарат тақтайшасынан көруге болады.
Сауд Арабия Королдігі Қажылық және ұмра министрлігінің талабы бойынша «Қажылық-2024» маусымына биыл желтоқсан айына дейін қажылар толық тіркелген елдерге қажылық орындары беріледі екен. Яғни, 15-20 желтоқсанға дейін қажылықтың электронды жүйесіне тіркеліп, сол жүйеден алынатын қызмет түрлеріне (қонақ үй, Мина жазығы мен Арафат тауына бару) қаражатын төлеген кісі санының көлеміне сай Қазақстан азаматтары үшін бөлінетін қажылық орындарының саны айқындалады.
Қажылыққа ниеттенген адам 17 турфирманың біріне ертерек жазылып қоюы тиіс. Әлі уақыт бар, үлгереміз деп немқұрайлы қарауға болмайтынын, дін өкілдері ескертеді. Қажылық бес парыздың бір құлшылығы болғандықтан, оған сақтықпен қарап, біреудің ақысына кіріп қоюдан, жалған ақпараттардан сақ болуға шақырады.