Белгілі композитор АҚШ-та не істеп жүр? «Қазақстан, Америка, достық әнін саламын» деп шырқауында қандай мән бар? Осы сұрақтар қызық болып, әнші, композитор Марат Омаровпен байланысқа шыққан едік. Мұхиттың ар жағынан жеткен сәлемдемені тыңдасақ...

«Әке туралы ән», «Анашым», «Алғашқы махаббат», «Шымкент, шым қалам» сынды көңілді де көркем әнімен елді тербеген Марат Омаров 2 жылдан бері шет елде тұрып жатыр. Отбасымен бірге көшіп кеткен. Себебі көп - бірі қызының өнері болса, ендібірі өзінің шығармашылық қызығушылығы. Қазір продюссерлік орталық ашып, Американың шоу-бизнесіне үлес қосып жүр екен.

Елге деген сағыныш бар екенін жасырмайды өнер иесі. Бір жағынан Америкада тұратын қазақ диаспораларының басын біріктіріп іс-шаралар өткізіп жүр. 20 шақты қаланы аралағанын айтады, бәрінде-дерлік қазақтарды табуға болады. Мұхиттың ар жағына сіңгені соншалық, концерт те өткізіп үлгерген.

 Марат Омаров қазір Роберт Джеймстің «Малена» атты фильміне түсіп жатыр екен. Кино сюжеті эмигранттар туралы болады. Мексикадан Америкаға кету жолындағы қиындық пен қызық бейнеленген толық метрлі фильм жуырда жарыққа шығады.

 Композитордың өзі 16 желтоқсан күні Чикагода ауқымды іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Ал көктем шыға Марат Омаров елге қайтатынын жеткізді.