Армения астанасы  Ереван қаласында бокстан жасөспірім ұлдар және қыздар арасында әлем чемпионаты аяқталды. Әлемдік  додаға 58 мемлекеттен 357 былғары қолғап шеберлері қатысып, өзара мықтыларды анықтады. Қазақстан  Ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен Шымкент қаласының  боксшысы  Нұрасыл Төлеубек алтын медальді иеленіп қайтты.

Шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмеген Нұрасыл- 52 келі салмақ дәрежесінде  4 кездесу өткізіп, барлық жекпе-жегінде айқын басымдыққа ие болды. Ақтық сында,  үндіс боксшысы  Жатин Жатинды 4:1 есебімен жеңіп, алтын медальді иемденді. Нұрасыл Төлеубек - Заңғар Қасқаев басқаратын Шымкент қалалық  бокс клубының спортшысы.Оның жаттықтырушысы - Думан Байтелиев.

Еліміздің бұрымды арулар құрамасы сапында Түркістан облысының боксшы қызы ел намысын абыроймен қорғап, алтын медальді иеленіп қайтты. Шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмеген 66 келідегі  аруымыз  - Айсұлу Мұхит 4 кездесу өткізіп, барлық жекпе-жегінде айқын басымдыққа ие болды. Ел намысын асқақтатқан Әлем чемпиондарын туған жердің төсінде қарсы алу салтанаты өтті.

Әлемдік додада жеңімпаз атанған спортшыларымызды ақиық ақын Нұрлан Есенқұлов жыр шашумен қарсы алды. Жеңімпаздарды Шымкент қаласы спортының жетекшісі Маратбек Мықтыбеков бастап шықса, Түркістан облысын облыс спортын басқаратын Қанат Жолдықараев бастап келді. Әлем чемпиондарының жарқын жеңісі құтты болсын!