«Заманауи зертханада  біріктірілген жүйелер мен сапаны бақылау». Дәл осындай тақырыппен  диагностикалық  орталықта семинар өтті. Оған 4 өңірдің зертханашы мамандары қатысып, заманауи  автоматтандырылған «Cobas pro»  модульді анализаторының жұмысымен танысты.

Қаладағы  диагностикалық  орталықтың зертханасы заманауи  автоматтандырылған «Cobas pro»  модульді анализаторымен толықты. Сағатына екі мыңға жуық анализ түрін дайындап беретін бұл қондырғының көмегімен, бір ғана қан сараптамасынан   20  ауруға қатысты талдаманы алуға да мүмкіндік бар екен. Аталған анализатор Шымкент қаласындағы мемлекеттік медициналық  ұйымында бірінші рет қолданысқа беріліп отыр.

«Cobas pro»   анализаторы Германияда жасалған. Аппараттың өзі үш блоктан тұрады. Онымен қалай жұмыс жасау керектігі,  бүгінгі шеберлік сыныбында кеңінен айтылды. Оған Шымкент қаласы мен Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан зертхана қызметкерлері қатысып, қондырғымен толықтай танысып шықты.

Қалалық диагностикалық орталықтағы  зертхана халықаралық стандарт жүйесі бойынша жұмыс істейді.  Орталықта 350-ден астам зертханалық талдаулар жүргізіледі.  Мұнда, қала тұрғындарынан бөлек, Түркістан облысы тұрғындарына да орталықта жергілікті емханадан берілетін жолдама арқылы тегін диагностикалық және зертханалық тексерулер жүргізіледі.