Салыққа салғырт қарау – білместік пе әлде жауапсыздық па? Әлде бұл – мемлекет міндеттеген төлемді пайда көріп, масылдыққа бару ма? Жасыратыны жоқ. Жауаптылар қанша жерден жар салса да, салықты уақытылы төлеуді жолға қоя алмай келеміз. Мәселен, темір тұлпар тақымдаған әр азамат саналы түрде 1 сәуірге дейін ал, жылжымайтын мүлік үшін 1-қазанға дейін салық төлеуі тиіс болған. Себеп не? Салдары қайсы?
Нақты санды сөйлетсек: Еңбекші ауданы бойынша 14 906 азаматтың жылдар бойы қордаланған берешегі бар. 287 млн. теңге. Соның 192 млн-ы көлік салығы. Арасында қымбат көліктердің иелері де бар. Ал, бюджетке түсуге тиісті қаражаттың 93 млн. теңгесі жер және мүлік салығы.
Екі жарым айдай уақыт өтті, қашып жүргендер көп дейді тиісті орган. Салықтан жалтарғандармен енді мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары және жергілікті полиция қызметінің өкілдері айналысатын болады.
Ауданда 78 мың азамат көлік, 44 мың тұлға мүлік салығын төлеуге міндетті. бар. Көбісі өз құқығын біледі. Бірақ, міндеттерін ескермейді. Салық кодексіне сәйкес енді бұл азаматтардың ісі жеке сот орындаушыларға өтеді. Есеп-шоттары бұғатталады. Және шетелге шыға алмайды.