Кәмелетке толмағандар арасында қылмыс саны артып отыр. Былтыр 78 жасөспірім заң бұзушылыққа барса, биылғы көрсеткіш 41 пайызға өскен. Заң қызметкерлері жастар арасында ұрлау, тонау және алаяқтық жайты жиі тіркелетінін айтады. Бүгінгі көрсеткіш қандай және алдын алу шаралары қалай жүзеге асып жатыр?
Қалалық прокуратура қызметкерлері жастар арасындағы қылмысты азайту немесе болдырмау мақсатында мектептер мен жоғарғы оқу орындарында жиі кездесу ұйымдастырады. Бұл жолы заң қызметкерлері спортшылармен бірлесіп, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен жүздесті. Жиын барысында кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық мәселесі талқыланып, жастарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны артқанын қалалық прокуратура өкілдері мойындайды. Олар жасөспірімдер арасында ұрлық пен алаяқтық фактілері жиі кездесетінін айтады. Жауаптылар 18 ге толмағандар арасындағы заңбұзушылықты болдырмау мақсатында шаһардың 5 ауданында 72 мобильді топ құрыпты. Олар мектеп оқушылармен кездесіп, құқықтық қабілетін арттыру бағытында жұмыс істейді.
Кездесу соңы сұрақ жауапқа ұласты. Студент жастар өздерін мазалаған сауалдардың сала мамандарына қойып, тұшымды жауап алды.