Шымкент қаласының экономикасына алдағы 5 жылда 6 триллион теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл бағытта нақты жоспар да жасалған. ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлімдеді. Ол қала экономикасының инвестициялық тартымдылығы жылдан жылға артып келе жатқанын айтып өтті.  

Әкімдіктің басты жұмысы – инвестиция тартып, экономиканы әртараптандыру деді әкім. Бұл бағытта импорт алмастырушы, экспортқа бағытталған бірқатар жобаға басымдық беріліп отыр. Өндіріс алаңдарын арттыру мақсатында жаңадан көлемі 867 гектар құрайтын 5 өндіріс аймағын құру қолға алынды. Алдағы уақытта 372 млрд теңгені құрайтын 289 жобаны іске асырып, 12 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделген.

Шымкент қаласының әкімі шағын және орта бизнестің өркендеуіне ерекше ден қойылып келе жатқанын, бүгінде кәсіпкерлерге бағытталған әртүрлі қолдау шаралары бар екенін айтты. Биыл кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 20 млрд теңге бөлініп, есепті кезеңде 16 млрд теңгеге 3 351 жобаға қолдау көрсетіліпті.

Сонымен қатар, шаһарда әлеуметтік саланың дамуына нақты бағыттар берілген. Шымкент қаласында соңғы 4 жылда 101 мектеп пайдалануға берілген. Тұрғын үй саласы да өте өзекті. Кезекте тұрған 50 мың азаматты қамту – күн тәртібінен түспей тұр.