Мақтаарал ауданына қарасты Азаттық ауылының тұрғындары таза ауыз суға қол жеткізетін күн алыс емес. Қазір елді мекенге тәтті су тарту үшін 270 метр тереңдікке ұңғыма қазылуда. Ауыл ішілік су құбырлары жаңарып, елдің қуанышын еселеп отыр. Талай жылғы азаптан арылғандардың мемлекеттік қолдауға алғыстары шексіз.

Азаттық ауылында 160 түтін бар. 525 тұрғын тұрады. Елді мекенде мектеп, балабақша жұмыс істеп тұр. Заманауи үлгідегі емхана талайдың дертіне шипа болуда. Ауыл азаматтарын мазалайтын жалғыз мәселе – таза ауыз су болатын. Енбі бұл түйіткілдің түйіні тарқайтын күн алыс емес.

Азаттықтағы су құбырлары осыдан 50 жыл бұрын қойылған. Тозығы жеткен темірлер қазір алынып, орнына пластикалық құбырлар салынуда. Бұл жұмыспен «Строй Жол сервис» ЖШС-і айналысуда.

Қазір құрылыстың 50 пайызы біткен. Тереңдікке ұнғыма қазу жұмыстары қарқын алған. Су құбырлары біткен соң ауыл ішіне асфаль төсеу жұмыстары қарқын алмақ. Осылайша, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында елді мекендер ажралана түспек.