Шымкенттік полицейлер скутер ұрлаған екі досты ұстады. Оңай жолмен ақша табуды ұйғарғандар түннің бір уағында көпқабатты үйлердің ауласында тұрған мотокөліктерді айдап кеткен. Ал Түркістан облысының құқық қорғау қызметкерлері осы кезде есірткіні заңсыз сақтады деген күдікпен егде жастағы азаматты анықтады.
Шымкенттік екі дос қаладағы көпқабатты үйлердің ауласынан екі скутерді ұрлап кеткен. Бейнекамердан қауіптенгендер бастарына мотоциклге арналған дулыға киіп алған. Ұрланған көліктердің иелеріне жалпы сомасы 1 миллион теңгеден астам шығын келген. Олар бұл туралы Тұран аудандық полиция басқармасына арызданды.Тәртіп сақшылардың жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдіктілер ұсталды. Олар ұрланған мүлікті 250 мың теңгеге сатып жіберіпті. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу аяқталып, іс сотқа жолдады.
ДЕСТРУКТИВТІ ДІНИ АҒЫМ ЖАҚТАУШЫСЫНАН 5 КЕЛІ МАРИХУАНА ТӘРКІЛЕНДІ
Түркістан облысының полицейлері Кентау қаласындағы көшелердің бірінен бұрын сотты болған деструктивті-діни ағым жақтаушысын ұстады. Ол есірткі құралдарын заңсыз сақтады деген күдікке ілінген. Тексеру кезінде ер адамнан полиэтилен пакетке салынған есірткі затына ұқсас ерекше иісі бар 10 ораманы тапты. Одан әрі полицейлер күдіктінің пәтерін тінту барысында 17 қағаз және полиэтилен пакет орамасын, 41 сіріңке қорабы мен шыны ыдысқа салынған есірткіге ұқсас заттарды тәркіледі.