Такси жүргізесіз бе? Демек, Сіз де жеке кәсіпкерсіз, ал жолаушыдан қолма-қол ақы ғана талап етіп, өзіңіздің табысыңызды, айналымыңызды жасырар болсаңыз, салық комитетінің мамандарының көзіне түсіп қалуыңыз мүмкін. Биыл ғана енгізілген жаңа заңдар бойынша енді таксилер де өз табысын көрсетіп, тиісті салығын, таксопарктың комиссиясынан бөлек төлеуге міндетті.

Қазір такси жүргізушілері үшін арнайы салық режимі бар. Заңға сәйкес, олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мобильді қосымша арқылы 1% салық төлей алады. Талап бойынша олар міндетті түрде салық органдарына келіп, тіркелуі керек немесе мобильді қосымша  арқылы онлайн (жеке кәсіпкер болып) тіркеле алады. Оларға жағдай жасалған. Министрлік те, комитет те тұрғындар өз жағдайын өздері қиындатпасын деп отыр.

Шымкент – кәсіпкерлер қаласы. Ресми дерекке сәйкес, қалалық мемлекеттік кірістер департаментіне 114 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелген болса, бүгінде оның 109 291 жеңілдетілген декларация негізінде салық төлейді екен.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметтеріне сәйкес, елімізде 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі 86 пайызға дейін өсті. Бұл 2022 жылы 82 процент болған. Ал әлеуметтік зерттеулердің нәтижесінде, 6 жастан асқан балалар да аударымдық төлемдерді белсенді түрде пайдаланған. Ата-аналардың 40 пайыздан астамы балаларына карта рәсімдеген.