Парламент мәжілісі кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Заңға сәйкес, енді ауылға жұмыс істеу үшін баратын медицина қызметкерлеріне 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде біржолғы ақшалай төлем беріледі. Мәжіліс депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл норма медицина кадрларын ынталандыру және ауылдағы кадр тапшылығын жою үшін қабылданып отыр.

Бұған дейін депутаттар ауылға баратын жас дәрігерлерге біржолғы көтерме ақы береміз деп айтқан еді. Енді уәде орындалып отыр. Күні кеше заң қабылданды. Енді ауылға барған, медицина саласында істейтін жас маман біржолғы 100 ең төменгі жалақы мөлшерінде  көтерме ақы алатын болды.  Халық қалаулысы бұл көтерме ақы қолданыстағы әлеуметтік көмектерге қосымша енгізіліп отырғанын ескертті. Оның айтуынша, "Дипломмен ауылға" бағдарламасы және тағы басқа көтерме ақы бар, оны ешкім алып тастаған жоқ. Биыл 100 етж мөлшері 9 миллион теңгеге жуықтайды екен. Аймағамбетовтің айтуынша, ауылға баратын дәрігерлердің еңбек өтілі ескерілмейді. Олар тек көтерме ақыны алғаннан кейін бес жыл сол ауылда жұмыс істеуге міндеттеледі. Айта кетері, биылдан бастап елімізде ең төменгі жалақы 85 мың теңге болды.