Елімізде жүрек ауруы жасарып барады. Дәрігерлер осылай деп дабыл қағады. Дертке шалдығудың басты себебі физикалық белсенділіктің азаюы, психикалық күйзеліске түсу, алкогольдік ішімдікті шамадан тыс пайдалану болып тұр.

 ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап жүректің ишемиялық ауруына шалдыққандар мен осы кеселден болатын өлім-жітім көрсеткіші айтарлықтай өсе бастады. Жүректің ишемиялық ауруы– жүрекке қан мен оттегіні жеткізетін шағын қан тамырларының тарылуынан пайда болатын кесел. Егер бұрын бұл аурумен көбіне егде жастағы азаматтар ауыратын болса, қазір 30 жасқа дейін төмендеп кеткен.

Жоғары калориялы тамақтарды тұтыну семіздікке алып келеді, ал бұл өз кезегінде атеросклероз мен гипертонияның дамуының маңызды факторы болып табылады. Қазір атеросклероз көп жағдайда жүрек-қан тамырлары ауруларының негізі болып саналады. Дәрігерлер  аурулардан сақтанудың ең тиімді тәсілі, зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстану дейді.

 Жүректің ишемиялық ауруының басты симптомдары – кеуде немесе жүрек аймағы қысып, шаншып, сыздап, ашып ауырады. Адам демігіп, шаршап қала беруі мүмкін.  Іштің жоғарғы бөлігі ауырып, адам құсып, жүрегі айниды.Көп жағдайда адамдар бұндай белгіні жүрек ауруымен байланыстырмайды. Асқазан немесе басқа да аурулармен шатастырады. Аурудың осындай белгілері басталған сәтте уақыт өткізбей, науқас жедел жәрдем шақыртуы керек. Себебі, жүрек үшін әрбір минут санаулы.