Шымкентте студенттер дәстүрлі дінді насихаттайтын спектакль қойды. Қойылымда жат ағымның жетегіне еріп,ел асып, азап көріп, туған жеріне ата дініне сағынышпен жеткен отбасының өмірі насихатталады. Драматург Жабал Ерғалиевтың «Есігіңді қаққан кім?» шығармасын жергілікті спорт мекемелерінің қызметкерлері тамашалады.
Спектакль бүгінгі күні әлем бойынша өткір мәселеге айналып отырған діни радикалды топтарға қарсы күреске бағытталған. Пьесадағы оқиға Кәрім мен Рәзияның отбасындағы күтпеген өзгерістер мен кенеттен туындаған қиындықтар аясында өрбиді. Қарапайым қазақ отбасында өскен Гүлнұр мен Асқар секілді тура жолдан адасқандардың іс-әрекетімен шиеленіседі.
Спектакльдің айтпағы — жастар болсын, үлкендер болсын, халқымыздың дәстүрлі діни ұстанымдарынан ауытқытатын жат ағымдарға бой алдырмаса екен, азғырушы топтардың арбауына түспесе екен деп сақтандыру. Спектакль үлкенге де, кішіге де ой саларлық.
Ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі Ислам діні – қашанда өміршең. Ол ашаршылық нәубаттары мен зұлмат замандарда ата-бабаларымызды бүгінгідей арсыздық пен айуандық әрекеттерден арашалап қалған. Сондықтан, сол ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дінді насихаттау, ел арасында тарату ауадай қажет. Бұл тұрғыдан алғанда студенттердің шығармасының берері мол.