Әрбір бесінші бала буллинг көрген. Бұл 2022 жылғы дерек екен. Сауалнама бойынша әлімжеттікке ұшыраған оқушылардың 23 пайызы 11-15 жастағы балалар. Олар айына бір рет немесе одан да көп рет қысым көріп жүрген. Ұл балалар қыздарға қарағанда 1,5 есе жиі агрессор болып келеді. Ал Шымкенттік оқушылар буллингтің не екенін біле ме? Ақ-қараны ажырата ала ма екен? Бірнеше балаға сауалнама жүргізіп көрдік.
Балалардың бәрі буллингтің не екенін біледі. Айтуларынша, теориялық тұрғыда. Ал іс жүзінде көбі кезікпегенін айтады. Мұның рас, жалған екенін анықтау қиын. Себебі, оқушылардың көбі көрген қорлығын жасыруға тырысады. Оның бірнеше себебі бар.
Моральдік немесе физикалық қысым көрген балада үрей, күйзеліс, сабақ үлгерімінің төмендеуі, өмірге деген өкпе мен суицидтік ойлар болуы ықтимал. Оқушылардың сөзінше, осындай қорқынышты өмірден алып шығатын күш – тек мейірім. Ата-ана мен ұстаздар бей-жай қарамаса екен дейді жасөспірімдер.
Қазіргі альфа-ұрпақ өздерінің әлсіз тұсын біледі. Олар бейбіт, мамыражай заманда туды, сондықтан болар жүректері тым нәзік. Мамандардың бұл балаларға ерекше мейірім мен қолдау аса қажет екенін жиі айтатыны содан.
Мәселенің бары анық. Оған дәлел де қажет емес. Шымкентте небәрі бірнеше айдың ішінде 2 оқушы өзіне қол жұмсап үлгерді. Билік қалай шешпек? «Балалардың құқығы туралы Заңға» «буллинг» ұғымы енгізілді. 111 жедел желісі іске қосылды. Балаларды зорлық пен әлімжеттіктен қорғайтын 2023-25 жылдарға арналған кешенді жоспар пайда болды. Мектеп психологтары жұмысты күшейтті.
Қазақстанда BalaQorgay платформасы жұмыс істейді. Ал ең басты жұмыс – зорлық-зомбылық пен әлімжеттікке «нөлдік» төзімділікті қалыптастыру. Идеологиялық жұмысты күшейтіп, әр бала мемлекет пен үлкендердің қорғауында екенін ұқтыру маңызды дейді мамандар. Ал ата-ананың қолында балаға деген махаббатты бере алу, оның қауіпсіздік сезімін қалыптастыру тұр.