Ақ алтынды Мырзашөл өңірі - қасиетті дініміз бен дәстүріміз берік сақталған киелі мекен. Осындай өлкеде мешіттердің көптеп ашылуы – бүгінгі ұрпаққа рухани тәрбие. Үлкен ұлағат. Өйткені, мешіттің салынуына осы ауылда туып өскен кәсіпкер демеушілік жасап, ауыл адамдарының тілегін орындады. Қасиетті орын халық жадына ізгілік нұрын сеппек. Мешіт елді рухани байытып, отаншылдыққа үндейді, - дейді ғалым Тастанбек Атақұлұлы.
Мешіт - тек ғибадат орны емес, ол елдің бірлігі мен ынтымағына қызмет ететін, тәлім мен тәрбиенің ізгі ордасы. Мұсылмандардың қорғаны, панасы мен ар-ұяты. Асыл дініміздің өркендеуі үшін туған ауылынан мешіт салған кәсіпкердің игі ісі көпке өнеге болмақ.
Ахметжан Керімбек – Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы
Мешітті салған адам жәннатқа кіреді. Жанашырларымыз көп болсын! Игі бастамашыларға алғысымды айтамын!
Тасболат Мамбетов – Жаңа дала ауылының тұрғыны
Алдын мешіт болмаған еді, қазір ауылымызда жаңа мешіт болды, жастарға имандылық жолын үйретуге жағдай жасаймыз, рахметін айтты.
Жалпы, мешіттің құрылысын «Нурі – Л – Жетісай» ЖШС-і ұжымы 6 ай ішінде аяқтады. Жеке кәсіпкер игі іске 30 млн. теңгеге жуық қаражатын жұмсады. Алланың ақ үйінің... жалпы аумағы 234 шаршы метрге жуық. Бір мезетте 300 адам Құбылаға бас қойып, елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілейді.
АҚМАРАЛ Көпжасарова