МӘМС жүйесіне түзетулер енгізілді. Енді елдегі медициналық ұйымдар қаражаттың қайда жұмсалатынын жариялауға міндеттеледі. Парламент мәжілісінің жалпы отырысында бұл саланы жетілдіруге бағытталған заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
ШЫНАР ӘУЕЛБАЙ, ТІЛШІ:
Депутаттар бірқатар түзетулер енгізді. Олардың қатарына тегін медициналық көмекті қамтамасыз ету, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу, диагностикалау және емдеу, сақтандыру мәртебесіне қарамастан жеке скринингтік тексерулер де кіреді. Яғни, түзетулермен жұмыс барысында халық қалаулылары МӘМС жүйесіндегі жарналарды үздіксіз төлеп келген тұлғалардың жарна төлеуді тоқтатқан сәттен бастап алты айға дейін медициналық көмек алу құқығын сақтауды ұсынды. Сондай-ақ жобаға сәйкес, МӘМС жүйесіне мемлекет жарналарының мөлшерлемелері кезең-кезеңімен өзгертіліп отырады. Онымен қоса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және денсаулық сақтау субъектілерінің қаржылық қызметі ашықтығын қамтамасыз ету үшін депутаттар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі қаражаттың жұмсалуы туралы ақпаратты ресми интернет-ресурстарда міндетті түрде жариялауға міндеттеп отыр. Айта кетейік, бұл жүйені бұрыннан сынға алып жүргендердің қатарында Асхат Аймағамбетов те бар. Оның айтуынша, соңғы жылдары МӘМС-тің енгізілгеніне қарамастан, халықтың медицинаға жұмсайтын шығындары 27 пайыздан 31 пайызға дейін өскен. Ол мұндай жүйенің адамдар мүддесіне қайшы келетінін айтқан.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
Заңсыз медициналық қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің азаматтардың денсаулығы мен өміріне зиян келтіруін болдырмау үшін депутаттар денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға тиісті лицензия немесе сертификат болмаған жағдайда медициналық қызмет көрсету саласында анықталған бұзушылықтарға жедел ден қою шараларын қолдану мүмкіндігімен медициналық қызмет көрсету саласындағы қадағалау функциясы беріледі.