Шымкентте контрабандалық жолмен жеткізілген табак өнімдерін саудалаған дүкен анықталды. Акциздік таңбасы жоқ кальян және темекі өнімдерін кәсіпкер екі жылдан бері сатып келген. Кірістер департаментінің Еңбекші ауданы бойынша филиал мамандары хаттама толтырып, цифрлық таңбасы жоқ темекі өнімдерді тәркіледі. Сотқа жолдады.

Бұл - Тәуке хан мен Елшібек батыр көшесінің қиылысында орналасқан «Кальян тайм» дүкені. Сауда нүктесі екі жылдан бері сигара, стик, темекінің түр-түрі бар, қорқор өнімдерінің саудасын қыздырып тұр. Сатпасын деген тыйым жоқ. Заңды кәсібіне алынған құжаты да бар. Бірақ, тауардың цифрлық таңбасы жоқ.

Қорқордың қызығына елітіп, никотин түтініне тұншыққандар мұның құжатын түгендеп қайтсін? Олар тіпті, бұл өнімдердің қайдан шығып жатқанынан да бейхабар. Бағасы өзге жерден арзан деп, кафе, мейрамханалар дәл осы жерден тауар алып келген. Кім білсін? Заңсыз сатылған темекі өнмідерінің көлемін ешкім де дөп басып айта алмайды.

Дүкен иесінің өзі жоқ. Ал, сатушысы болса: «білмедім, жаздым, жаңылдым» дейді. Бұлар былтырғыдан қалған тауар деп ақталды.  Қазақстан заңнамасына сәйкес, темекі өнімдерінің айналымы сәйкестендіру құралдары болған кезде ғана мүмкін болады. Сондай-ақ, Мемлекеттік кірістер комитетінде енді темекі өнімдерінің барлық түрлерінде цифрлық таңбалаудың болмағаны үшін тәркіленуге жатады. Әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 200 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды.

Кірістер департаментінің мамандары наурыздан бері акциздік таңбасы жоқ темекі мен алкоголь өнімдерін лицензиясыз сатумен айналысатын кәсіпкерлерді анықтауға білек түріп кірісті. 10 факт тіркелді. Соның бесеуі цифрлық таңбасы жоқ темекі өнмідерінің саудасы болса 5-уі ащы суды ашық түрде, рұқсатсыз сатқандар.

 Жыл басынан бастап ел аумағына контрабандалық жолмен әкелініп, сатылмақ болған темекі өнімдерінің 22,5 млн қорабы анықталып, тәркіленген. Мемлекеттік кірістер комитеті мәлім еткендей, елімізге таңбаланбаған 4 млн қораптан астам темекіні контрабандалық жолмен әкелуге тырысқандар анықталды. Ал, бұл жолы тәркіленген өнімдер сотқа жолданды. Үкім шықса, бұл өнімдер өртеледі. Көзі жойылады.