Шымкентте салт-дәстүр, өнер театрын құру ұсынылды. Кітапханаларды бір жүйеге орталықтандырып, жинақтау да айтылды. Мұндай мүмкіндікті Мәдениет басқармасы жасап отыр. Әдеттегідей брифинг емес, бұл жолы қоғам белсенділерінің де басын қосып, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ал жиналғандар мұндай форматтың жақсы бастама екенін айтып жатыр.

 Жиын өткен жылды қорытындылайтын есеппен басталды. Басқарма басшысы Бауыржан Орынтаев 2023 жылда атқарылған жұмыстар  мен алдағы жоспарды бөлісті. Айтуынша, қалалықтарды кітап оқуға тарту мәселесі биыл қолға алынып жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттік, орыс, ағылшын тілін меңгергендер қатарын арттыру мақсатында жобалар жасалған. Арнайы сауалнама нәтижесі бойынша, шаһарда қазақ тілін меңгергендер саны 97,5 пайызға, орыс тілін 87,5, ағылшын тілін білетіндер 24 процент болып, жоспар орындалған.

2025 жылға дейін 1241 нысанды жөндеудің индикаторлық көрсеткіші болған. Бұл жөнінде басқарма арнайы тапсырма да алған көрінеді. Қазір 9 объект ағымдағы жөндеу жұмыстарына алынып, жұмыс орындалып жатыр. Ал мәдени іс-шаралар кешенді жоспар аясында өткізіліп жатыр. Кітапханаларда да тағылымды кездесу кештері көбейіп, оқырман көкжиегін кеңейту көзделген.     

Жиын қоғам белсенділерінің жарыссөзімен жалғасып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Салада жүргендердің сөзінше, кітапхананың тым көбейіп, шашыраңқы жұмыс істеу процесін қадағалап, ретке келтіретін кез жетті. Себебі, мамандардың бір-біріне ұқсайтын іс-шараларды өткізуден қолдары босамай жатыр.

 Қайраткерлердің мерейтойын жинап, кітапханалардың басын біріктіріп, ірі көлемде іс-шара өткізу керек деген ұсыныс айтылды. Әрі қарай отырыс талқылауға көшті. Жарыссөзге шыққандар арасында бесікті киесін көрсетіп, мәнін ұғындыру мақсатында монумент ашайық дегендер болды. Салт-дәстүр өнер театры мен Жазушылар үйін жасау да тілегі айтылды.