Шымкентте  энзоотиялық ауруларға қарсы  жұмыстар жалғасуда. «Ветеринарлық қызмет» мамандары қалада мал ұстайтын үйлерді аралап арнайы екпе жұмыстарын жүргізуде.

Мегаполисте жыл санап мал саны азаюда. Өткен жылы қалада  60 мыңдай  ірі қара болса биылға  көрсеткіш 55 мың бас.  Уақ мал 70 мыңнан 65 мың басқа азайған.  Оған себеп шаһарда түлік түлетіп, мал санын арттыру қолайсыз. Десекте ағарған үшін аядай аулада сиыр ұстап, ет үшін 10 шақты қошқарын бордақылап отырған шымкенттіктер баршылық.  Ветеринарлпр арнайы келіп тегін екпе жұмыстарын жүргізгеніне жұртшылық дән риза.

Мамандар үй аралау барысында  қауіпті ауруларға қарсы вакциналарын салуда. Сонымен қатар ірі қараның биылғы төлдерін сырғалау жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Барған үйінің ит-мысығына дейін құтыруға қарсы дәрілерін егіп кетеді.  Төрт түлік асырайтын тұрғындар мамыр айының соңына дейін ірі малдарын бүрку үшін дезинсекторларға, ал ұсақ малды тоғыту үшін арнайы әуіттерге жеткізуге міндетті.  

 Жауаптылар қалада энзоотиялық жұмыстарға арналған ветеринариялық препараттар қоры жеткілікті екенін айтып отыр. Бүгінде арнайы мекемемемен келісім шарт түзіліп, 2 434 литр сұйық «Дизицип» және 34 979 кг құрғақ «Фентифип» супер порошогы алынған. Бұл препараттар қауіпті деп танылған елді-мекендердегі үй-жайға жапсарлас қораларда дезинфекция жұмысында қолданылады.