Қазақтың белгілі жазушысы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Айтулы күнге орай  Шардара қаласындағы  нар тұлғаның есімін иеленген білім ошағында ашық сабақтар, пікірсайыс,  әдеби сазды қойылымдар қойылды.

 «Ақиқаттан аттамаған қаламгер» тақырыбында өткен шарада «Менің атым Қожа», «Жекпе жек» повестерінен ашық сабақтар өтті. Сонымен қатар,  «Өлгендер қайтып келмейді» романы бойынша пікір сайыс ұйымдастырылып, «Балалық шаққа саяхат» повесінен әдеби сазды қойылымдар қойылды. Сондай – ақ, «Тау тұлғалы тарлан» тақырыбында ашық сабақ өткізілді.

Б.Соқпақбаевтың шығармалары өміршеңдігімен құнды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «16 жасар чемпион» туындылары балалардың ғана емес, барлық жастағы азаматтардың сүйіп оқитын шығармасына айналды. Жазушының мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілуде.

Шара барысында ардагер ұстаз Әлия Зүлей атындағы сынып ашылды. Ұзақ жылдар бойы аталмыш білім ордасына басшылық жасап, шәкірт жанының бағбаны бола білген Әлия Ізтілеуқызының атындағы кабинеттің лентасын кәсіподақ комитетінің төрағасы Ұлықбек Жұман қиып, мектеп қабырғасынан үздік оқушылар көптеп шыға беруіне тілектестігін білдірді.