Ел арасында «Озеро» аталып кеткен «Көл» аумағы қайта жаңғырады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың тапсырмасы бойынша жауаптылар жұмысқа кірісіп кетті. Қырғы базар маңында Түркістан, Тәшенов көшелерінің қиылысындағы демалыс орны қараусыз қалып, суы тартылып кеткен еді. Дейінгі және кейінгі көрініс қалай болар екен?

Күтеріміз көп деді жұрт. Қаладағы өзгерістер тұрғындарды да бей-жай қалдырып отырған жоқ. Шаһар жастардың қаласына айналып барады, сондықтан да мұндай сквер, саябақтардың саны артқаны дұрыс деді тұрғындар.

Жоспарда «Көл» аумағын саябаққа айналдыру бар. Жаздың күні микроклимат қалыптастыратын жер болады деп көзделіп отыр. Қайта құру жұмыстары толық демеушілер тарапынан «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге аспақ.

Жаңғырту аясында Әл-Фараби ауданында орналасқан жасанды су айдынын қалпына келтіру көзделген. Қазір айналасы абаттандырылып жатыр. Су қойма аумағында субұрқақ болады. Жобада орындық, заманауи жарықтандыру шамдары мен көгалдандыру қарастырылған. Қала әкімі уәде еткендей, мұндай саябақ, скверлер саны арта бермек. Серуендеу аймағы Жібек Жолы мен Сайрам көшелерінің қиылысында бой көтереді. Қазір мұнда заңсыз нысандарды бұзу және қоқыстарды шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.