Шымкентте салт-дәстүр өнер театрын ашу ұсынылды. Мұндай пікірді мәдениет саласы майталмандары жиналған отырыста ардагер-режиссер айтып отыр. Сөзінше, ұлт боламыз десек, өз бояуымызды жоғалтпауымыз керек. Ал шаһардағы салт-дәстүр орталығы іс-шаралардың көлеңкесінен көрінбей, насихаттау жұмыстары жетпей жатқан секілді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев салт-дәстүрді дәріптеу мәселесін көтерген болатын. Содан бері түрлі жобалар халық арасында кең тарай бастады. «Ұлттық сезім» жалпыхалықтық флешмобы жасалып, түрлі мекеме өкілдері аптаның бір күнінде ұлттық нақыштағы костюммен жүруді әдетке айналдырды. Алайда, бұл жай ғана науқан боп қалмауы үшін дәстүрді дәріптеу ұдайы жалғасып, ұлттық идеологияға айналу керек дейді ардагер.

Ардагер әсіресе жастар арасында осындай құндылықтарды қалыптастырып, насихаттау керек деді. Ақыл айтар ата, үлгі болар әжелер керек екенін жасырмады. Ұлттық қасіретіне айналуы мүмкін әдеттерді де атап көрсетті. Сөзінше, қазіргі балалар жеті атадан аспай қыз алмау керегін білмейді, қан тазалығын сақтамай барамыз дейді.

 Дәстүрдің озығы мен тозығы бар. Қазір осы мәселелерді нақтылап, анықтап, жақсысын көрсетер, заманнан қалғанын жасырар жұмыстар жүргізіліп жатқан жоқ. Аға буынды алаңдатып отырған проблема – осы. Салт-дәстүрлер ұрпақты өнеге мен білімге, адамгершілік пен имандылыққа, ізгілікке, бауырмалдық пен өнерге шақыруымен құнды.