Түркістандағы «Күлтөбе қалашығының» алғашқы кезеңі аяқталуға жақын. Ашық аспан астындағы археологиялық мұражай-паркінің жалғасы ретінде нысан салынбақ. Ол келушілерге заманауи сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасауға мүмкіндік береді. Атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан өңір басшысы Дархан Сатыбалды жобаның жалғасын талқылау үшін жауаптылармен жолықты. Басшылар мен мердігер компанияға бірқатар тапсырмалар берді. Жұмыстарды ширатуды жүктеді.
 

Сан ғасырлық тарихы бар қалашық ежелгі  Яссы қаласының бір бөлігі болғандықтан, жоба ЮНЕСКО қадалағауымен жүзеге асып жатыр. Теңдесі жоқ жоба ел назарын аудартары сөзсіз. Облыс әкімі абаттандыру жұмыстарына баса мән беруді, қалашықтағы құрылысты тарихшылармен кеңесе отырып жүргізуді тапсырды. Күмбездің темір конструкциялары, күмбез жабындары орнатылған.


Тарихи қалашықтағы құрылыс жұмыстары жалпы аумағы 30 гектарға жуық жерде жүргізілген. Жобаның алғашқы кезеңінде шетелден арнайы тапсырыспен жасалған 4 шартырлы күмбез орнатылған. 27 тірек, кәріз сорғы станциясы мен дренажды жүйе салынған.

Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру мен ғылыми-зерттеуге жергілікті ғалымдар атсалысып жатыр. Қалашықта әртүрлі кезең нысандарының эскиздері – қолөнершілердің тұрғын үйлері, заттар, ежелгі сауда көшелері, шеберханалар, ішкі аулалар және XII-XIX ғғ. бекініс қабырғаларының элементтері табылған. Осы жәдігерлер «Күлтөбе қалашығы» паркіне орнатылып, саяхатшыларға ұсынылады деп күтіліп отыр.  Дархан Сатыбалды қалашықтағы жұмыстармен танысу барысында айналасына жол салу жұмыстарын тапсырды.