Ұлттық мүдде,  рухани құндылық,  әдеп-ғұрыпты әрбір жастың бойына бала күннен сіңіру  керек. Өскелең ұрпақ сонда ғана Егеменді елдің еңсесі биік ері мен ибалы қызына айналмақ. Мегаполис ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері жастармен жүздескенде осы тақырыптарды қаузады.

 «Қалалық ардагерлер ұйымы және ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбындағы жиын Сағадат Нұрмағанбетов атындағы №72 жалпы орта мектебінде өтті. Семинарда алғы сөз алған Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Бақтияр Өнербаев қоғамдағы өзекті мәселелерге тоқталды. Әсіресе жастар тәрбиесі кенжелеп келе жатқандығын ашына айтты. Мектеп жасындағы балалар арасында кездесіп жатқан жат қылықтарды айтып онымен күресудің маңыздылығын жеткізді.

Атасына еркелеп бала келер, қария көрген жас сәби дана келер. Жастар тәрбиесіне қалалық ардагерлер кеңесі белсене атсалысып келеді.  Осы рухани жиынның да өтуіне осы қала қариялары мұрындық болған.

 Семинарда ұлттық мүдде, ар ұят, талап құндылықтары жайында ой қозғалды.  Ардагерлер өмірден түйген тәжірибелерімен бөлісіп ақыл кеңестерін берді.