Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті жанынан құрылған  мобильді топ Түлкібас ауданының тұрғындарына құқықтық көмек көрсетті.  Жемқорлыққа қарсы волонтёрлік топ өкілдері аудан көлемінде салынған жаңа құрылыстардың сапасын бақылап, көпшіліктің көкейін күпті етіп жүрген сауалдарға жауап берді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында Наурыз айынан бастап мобильді топ құрылған болатын. Бұған дейін топ мүшелері бірнеше ауданда болып халыққа тегін құқықтық кеңес берген. Бүгінгі шарада   мобильді топ өкілдері Түлкібас ауданының тұрғындарына құқықтық көмек көрсетті. Мобильді топтың құрамында әділет департаментінің өкілдері, заңгерлер, адвокаттар, нотариустар, еріктілерден құралған топ мүшелері бар. Тау бөктеріндегі кездесуде арызын арқалаған 50-ден астам тұрғынға заң аясында кеңестер берді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент ұйымдастырған көшпелі жиынға кеңес алуға келген тұрғындар жұмыспен қамту, еріктілер қатарына қосылу,жерді рәсімдеу, салынған айыппұлдарды өтеу тәртібі, тұрғын үй кезегіне тұру,сот орындаушыларға төленетін баж салығына қатысты сауалдары бойынша қажетті кеңестер алды.Тіпті арызын арқалап,соңғы үмітпен  келгендері де бар.

Көшпелі топ бұған дейін бірнеше ауданда жиын өткізген. Бұл жолғы шарада Түлкібас ауданының түрлі сала қызметкерлері, имамдар және аудан тұрғындарына құқықтық көмектер көрсетілді.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаментінің ұйытқы болуымен өткен шара барысында әлеуметтік маңызы бар нысандарға қоғамдық бақылау жүргізіліп, мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының, кепіл мерзімі бар әлеуметтік нысандардың бүгінгі жай-күйіне бақылау жасалды.

Мобильді топтың негізгі міндеті - азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, азаматтардың, әсіресе шалғайдағы елді мекендердің өзекті мәселелерін жедел шешу.Аталған науқан өңіріміздің барлық қала-аудандарында өткізілетін болады.