«Наурыз» бағдарламасы бойынша 9 мыңға жуық өтінім сәтті қабылданды. Бұл туралы «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты. 10 мамырдағы жағдай бойынша барлығы 17 432 өтінім жолданған. Оның ішінде 8 945 өтінім сәтті қабылданды. Олардың жартысы – 3 955 өтінім тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен түсті. Олар: көпбалалы отбасылар, жетім балалар, тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар.
Егер гендерлік бөлісте қарайтын болсақ, онда өтінімдердің 57%-ін әйелдер жолдаған. Бұл ретте барлық өтінім берушілердің 62%-і – 35 жасқа дейінгі жастар. Ең жас өтінім беруші Түркістан облысында тұрады. Ол – 18 жастағы тұрғын. «Отбасы банк» АҚ басқарушы директоры — орталық филиал директоры Жансұлтан Матайдың айтуынша, Астана, Алматы және Шымкент қалаларымен қатар тұрғын үй сатып алу үшін ең көп өтінімді Ақмола мен Алматы облыстары тұрғындары берген. 1 436 өтінім қабылданбай, кері қайтарылды. Негізгі себеп – клиенттердің депозиттерінде 1 миллион теңге мөлшеріндегі қажет сома жоқ болып шықты. Бұл «Наурыз» бағдарламасына қатысудың негізгі шарттарының бірі. Сонымен қатар тұрғын үйі бар адамдардың да өтінімдері қабылданбады. Тағы 5 008 өтінім жолдану процесінде. Демек, мемлекеттік дерекқорлармен сәйкестендіру жүргізілуде және жүйе өтінімдерге ЭЦҚ көмегімен үміткерлердің қол қоюын күтіп отырмыз, — деді Жансұлтан Матай.