Негізгі Жаңалықтар ШЕТЕЛДІКТЕР ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

ШЕТЕЛДІКТЕР ҚАЗАҚ МӘДЕНИЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкентке әлемнің 40 елінен 500-ге жуық инвестор келді. Форум аясында жалпы құны 4,8 миллиард доллар болатын 22 ірі жобаға қол қойылды. Ал басқосуға келген шетелдік қонақтар қазақтың ұлттық мәдениетімен танысты. Этноауылда қолөнер мен салт-дәстүрді тамашалап, ұлттық ойындарға куә болды.


Бірі ер-тұрман әзірлеп, енді бірі киіз басып, кілем тоқыды. Этноауылда қазақтың дәстүрлі қолөнері дәріптелді. Қонақтар шеберлердің жұмысын тамашалап қана қоймай, ата кәсіптің қыр-сырына қанықты. Арқан тартудан күш сынасып, домбыраның күмбіріне құлақ түрді.


ҚҰРМАНӘЛІ АҒАДИЛОВ, ШЕБЕР
Осы жерге келіп қазақтың салт-дәстүріндегі ерлерді көрсетіп, келген қонақтарға қалай жасалатынын көрсету. Осының барлығы қолмен, шотпен ешқандай станоксыз жасалып отыр. Осы ата-бабамыздан қалған.


Ұлттық дәстүрге тәнті болғандардың бірі – араб елінен келген инвестор Захид Рашид. Ол қазақтың қонақжайлығын, үлкенге құрметі мен кішіге ізетін ерекше атап өтті. Ал асық ату, арқан тарту мен көкпар секілді ұлттық ойындар оның қызығушылығын оятқан.


ЗАХИД РАШИД, ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОР
Мен мұнда алғаш рет келдім. Меніңше Қазақ мәдениеті озық үлгі. Мұнда үлкенге құрмет көрсету, кішіні сыйлау мәдениеті дамыған. Ұлттық ойындар да таңғалдырды. Асық ату, арқан тарту, көкпар сынды ойындар ептілік пен күш-жігерді талап етеді екен.


Ұлттық өнер мен салт-дәстүр шетелдік қонақтарға ерекше әсер қалдырды. Қалаға келген меймандарға қазақ мәдениетін кеңінен таныстыру үшін туризм басқармасы осындай іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Мақсат – Шымкенттің туристік тартымдылығын арттырып, ұлттық мұраны шетелдіктерге таныту.

Бөлісу