Негізгі Жаңалықтар «ҰЛЫ ТАРИХТЫҢ ЖАЛҒАСЫ» БАЙҚАУЫ

«ҰЛЫ ТАРИХТЫҢ ЖАЛҒАСЫ» БАЙҚАУЫ

Түркістанда «Түркістан – ұлы тарихтың жалғасы» атты жобалар байқауы қорытындыланды. Қатысушылар тарихи тұлғалардың өмір жолын зерттеп, болашақ қаланың келбетін жасанды интеллект көмегімен ұсынды. Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған 13 жобаның авторы марапатталды.


Тарихи тұлғалар, тағылымды тағдырлар, тың ізденістер. №22 мектептің оқушысы Айару Раушанбек өз жобасын қазақтың даңқты боксшысы Бекзат Саттархановқа арнаған. Жас зерттеуші чемпионның Сидней Олимпиадасындағы жеңісі мен оның Түркістан тарихындағы орнын зерделеген.


АЙАРУ РАУШАНБЕК, БАЙҚАУ ҚАТЫСУШЫСЫ

Бекзат Саттарханов – қазақ еліне танылған чемпиондардың бірі. Оның Сидней Олимпиадасындағы жеңісі жай ғана жеңіс емес, Түркістан қаласы мен Қазақстан тарихында қалған үлкен жетістік.


Байқауға қатысушылар Өзбекәлі Жәнібеков, Нәзір Төреқұлов, Әбдісалан Нұрмаханов сынды көрнекті тұлғалардың өмірі мен еңбегін де зерттеген. Оқушылар тарихи мұраны зерделеп қана қоймай, тұлғалардың ел дамуына қосқан үлесін саралады. Конгресс-холл кешенінде өткен марапаттау рәсімінде қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы үздік жобалардың авторларын құттықтады.


ӘЗІМБЕК ПАЗЫЛБЕКҰЛЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ

Түркістанның тарихи қалпын сақтап, оны әрі қарай дамыту – баршамыздың қолымызда. Осындай тарихи өлкені зерттеп, оған қызығушылық танытатын жастарды қолдау – әрқайсымыздың міндетіміз.


Шара аясында суретші Аңсаған Мұстафаның фотожұмыстары мен жас IT маманы Ғасыр Құралбайдың жасанды интеллект арқылы әзірлеген болашақ Түркістан көріністері таныстырылды. Сондай-ақ Арқалық қазақ жасөспірімдер театры өнер көрсетті. Тарих пен технологияны тоғыстырған байқау жастардың туған өлке мұрасына деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.

Бөлісу