ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ ӘУЕЛЕДІ
«Мега» ойын-сауық орталығында халық әндері әуеледі. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының өнерпаздары ән шырқап, қала тұрғындарын Республика күнімен құттықтады.
Қоңыр үн мен көркем сөз – халық қазынасы. Өнерпаздар патриоттық әндерді орындап, тұрғындардың рухын көтерді. Ұлттық өнердің өміршеңдігін дәлелдеп, тыңдарманның жүрегін тербеді.
БАҚБЕРДІ БАЛҚАШОВ, ӘДЕТ-ҒҰРЫП ЖӘНЕ САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ
– «Осы тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын деп, осында келген барша қала тұрғындарын шын жүректен құттықтайық деп келіп жатырмыз. Біздің келгендегі басты мақсатымыз – осы. Бұл жерде дәстүрлі әндер айтамыз және көпшіліктің көңілін көтеретіндей көңілді әндер айтамыз. Әртүрлі әндерімізді алып келгенбіз».
Қазақы әуендер тыңдарманды бейжай қалдырмады. Мерекелік шара Республика күнінің мән-маңызын айқындап, рухани қуат сыйлады. Қала тұрғыны Даниал Еркебай да бастаманың орынды екенін айтады. Халық әндері ұлттық мәдениеттің тынысын кеңейтіп, өрісін арттырады.
ДАНИАЛ ЕРКЕБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
– «Бүгінгі концерт күтпеген жерден болды. Адам мұңайып отырған кезде келіп, көңіл күйді көтеріп, әр адамды күлдіртіп, қуантты. Қазақ әндерін айтқанына қуанып қалдық»
Айта кетейік, Республика күніне арналған бастама қаланың бірнеше нүктесінде қатар өтті. Өнерпаздар қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, рухын көтерді.