ҮЙ ҚАСБЕТТЕРІ ЖАҢАРТЫЛУДА
Шымкентте көпқабатты үйлердің қасбеттері жаңартылып, аулалар абаттандырылуда. Қала келбетін жақсартуға бағытталған жұмыстардың барысын шаһар басшысы Ғабит Сыздықбеков арнайы аралап, тексерді.
Қаладағы көпқабатты үйлердің сәулеттік келбеті жаңарып, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасуда. Желтоқсан көшесіндегі екі көпқабатты үйдің қасбеті демеушілер есебінен жөнделді. Сондай-ақ тұрғындардың өтініші бойынша «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында заманауи балалар алаңы салынып жатыр. Ал Рысқұлов пен Адырбеков көшелерінің қиылысында жаңа субұрқақ салынды. Қала әкімі нысанның құрылысымен танысты. Демеушілер қаржысына бой көтерген субұрқақ маңы абаттандырылып, орындықтар орнатылған. Бұл аумақ тұрғындар мен қала қонақтарының тынығуына арналған көрікті орынға айналмақ.