БОРЫШКЕР ШОТЫНДА 50 МЫҢ ТЕҢГЕ ҚАЛАДЫ
Қазақстанда қарызы бар азаматтардың банк шоттарын бұғаттау және олардан ақша өндіріп алу тәртібі өзгеруі мүмкін. Ұлттық банк борышкерлердің шотында ең төменгі күнкөріс деңгейіне тең соманы сақтауды және қарызды тек бір банктегі шоттан бұғаттауды ұсынды.
Қазір ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгені құрайды. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов заңнамаға тиісті түзетулер енгізу ұсынылғанын мәлімдеді. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 1,5 миллионнан астам азаматтың банк шоты бұғатталған. Ал үш айдан астам уақыт төленбеген несиелердің жалпы көлемі 1,8 триллион теңгеге жеткен. Қазіргі уақытта бұл ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастырылып жатыр. Өзгерістер әзірге ұсыныс деңгейінде, ал олардың күшіне енуі заңнамаға енгізілетін түзетулерге байланысты.