Негізгі Жаңалықтар TERRA КӨРМЕСІНІҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

TERRA КӨРМЕСІНІҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

Шымкентте TERRA креативті көрмесінің жаңа маусымы ашылды. Сән мен қолөнерді ұштастырған шарада отандық және шетелдік дизайнерлер мен қолөнер шеберлері бас қосты. Келушілер ерекше киім үлгілерін, зергерлік бұйымдар мен керамикалық өнімдерді тамашалап, бренд авторларымен танысуға мүмкіндік алды.

Көрмеге Ақтау қаласынан арнайы келген Өміргүл Кенже отбасымен бірге ұлттық нақыштағы күміс әшекейлерді жасап, саудалайды. Шеберлердің қолынан шыққан әр бұйым – еңбектің нәтижесі мен талғамның көрінісі. Көрме төрінен орын алған әшекейлерге келушілердің қызығушылығы жоғары.

ӨМІРГҮЛ КЕНЖЕ, КӨРМЕГЕ ҚАТЫСУШЫ
Біз TERRA көрмесіне алғаш рет қатысып отырмыз. «Өмір» зергерлік брендінің өкілдеріміз. Біз – отбасылық зергерлерміз, күміс бұйымдар жасаймыз. Брендіміздің негізгі мақсаты – қазақтың дәстүрлі зергерлік өнерін заманауи үлгіде халыққа таныту. Көне технологияларды сақтай отырып, ұлттық өнерді жаңаша ұсынуға тырысамыз.

Биылғы көрмеге 50-ден астам қатысушы жиналды. Шымкент, Астана, Алматы және Ақтау қалаларының шеберлерімен қатар, Өзбекстан, Тәжікстан мен Грузиядан келген дизайнерлер де өз туындыларын ұсынды. Көрме аясында жаңа топтамалар таныстырылып, сән көрсетілімі ұйымдастырылды.


НҰРЖАНАТ ДОСАЕВА, ШЫМКЕНТ ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ, TERRA КӨРМЕСІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ
Бүгін бізде сән көрсетілімі өтіп жатыр. Грузия, Өзбекстан, Тәжікстаннан, сондай-ақ Батыс Қазақстаннан, Астана мен Алматыдан жаңа топтамаларын ала келген қонақтар бар. Бұдан бөлек, түрлі сала мамандарының кездесулері жоспарланған. Олардың қатарында маркетологтар, кондитерлер және кәсібін нөлден бастап, бүгінде бірнеше қалада филиалдарын табысты дамытып отырған кәсіпкерлер бар. Біздің тұжырымдамамыз өзгерген жоқ. Көрме үш күнге созылады. Бұл – қала тұрғындары үшін нағыз мереке.

Үш күнге жоспарланған көрме отандық өнімдерді насихаттап, қазақстандық брендтердің танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді. TERRA көрмесі Шымкентте екі жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Мұнда келушілер түрлі өнімдерді тамашалап, сатып алумен қатар, тәжірибелі мамандардың шеберлік сабақтарына қатысып, жаңа білім ала алады.



Бөлісу