Негізгі Жаңалықтар ЕКІ ЖАҢА МОДУЛЬДІ СПОРТ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

ЕКІ ЖАҢА МОДУЛЬДІ СПОРТ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

Шымкентте бұқаралық спортты дамытуға арналған екі жаңа нысан ашылды. Қайнарбұлақ пен Нұрсәт шағынаудандарында ангар үлгісіндегі модульді спорт залдары ел игілігіне берілді. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынған кешендерді қала әкімі аралап көрді.

Жаңа спорт залдары балалар мен жасөспірімдердің спортпен жүйелі айналысуына мүмкіндік береді. Әсіресе, Қайнарбұлақ тұрғындары үшін бұл нысанның маңызы зор. Бұған дейін ауыл жастары спорт секцияларына қатысу үшін алысқа баруға мәжбүр болған. Енді заманауи талаптарға сай жабдықталған спорт кешені ауыл балаларының игілігіне берілді.

СЕГІЗБАЙ ӨСКЕНБАЙҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бокс, күрес, волейбол секциялары болады деп естіп жатырмыз. Кешен өте әдемі, жоғары деңгейде салынған. Жастарға жақсы жағдай жасалып отыр. Біздің ауылдан да мықты спортшылар шығады деп сенеміз.

Жаңа залдар баскетбол, волейбол және шағын футболға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда ұлдар мен қыздарға арналған киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары, жаттықтырушылар бөлмесі және 50 көрерменге арналған орындар бар. Сондай-ақ, суық мезгілде жаттығуға қолайлы жағдай жасау үшін жылыту жүйесі орнатылған.

АЙДЫН НАШЕНОВ, ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Бұл – бұқаралық спортты дамытуға арналған нысандар. Әр кешеннің құны – 202 миллион теңге. Жобалар «Қазақстан халқына» қорының есебінен жүзеге асырылды.

Жобалар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылды. Ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен қор басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты.

ЛӘЗЗАТ ШЫҢҒЫСБАЕВА, «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ

Жалпы, «Қазақстан халқына» қоры Шымкент қаласында осы уақытқа дейін 14 миллиард 237 миллион теңгеге түрлі жобаларды жүзеге асырды.

Қайнарбұлақ пен Нұрсәттегі жаңа кешендер тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына жол ашады. Жасөспірімдерге жасалған бұл мүмкіндік болашақ чемпиондардың өсіп-жетілуіне негіз болмақ.


Бөлісу