ROBOPARK LIGA XIII
Шымкентте ROBOPARK LIGA XIII республикалық робототехника жарысы өтті. ROBOPARK робототехника және бағдарламалау орталығы ұйымдастырған додаға еліміздің түкпір-түкпірінен жас өнертапқыштар жиналды. Олардың техникалық білімі мен робот басқару шеберлігі сынға түскен жарыс жайында арна тілшісі баяндайды.
Дәстүрлі додаға еліміздің әр өңірінен 60-тан астам команда мен 100-ден астам жас қатысушы келді. Олар техникалық білімін, инженерлік ойлау қабілетін және робот құрастыру мен басқару шеберлігін ортаға салды.
АБЗАЛ ӘЛІБЕКОВ, ROBOPARK РОБОТОТЕХНИКА ЖӘНЕ БАҒДАРЛАМАЛАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Әртүрлі командалар келді. Олардың барлығы – біздің әдістемеміз бойынша білім алатын робототехника мектептерінің оқушылары. Ақтөбе, Атырау, Алматы, Меркі, Кентау, Тараз қалаларынан және еліміздің басқа да өңірлерінен қатысушылар жиналды.
Жарыстың мақсаты – балалардың техникалық сауаттылығын арттырып, бағдарламалау мен инженерияға қызығушылығын дамыту. Сондай-ақ алған білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік беру. Қатысушылар үш бағыт бойынша бақ сынады. Атап айтқанда, «Сумо – роботтар шайқасы», «Робот құрастыр» және «Кегельринг» санаттарында өзара мықтыны анықтады.
АЛМАС ТАШИМОВ, РОБОТОТЕХНИКА ТРЕНЕРІ
Кидс санатына үш команда, ал Джуниор санатына екі команда алып келдік. Балалардың дайындығы жақсы. Мұндай жарыс жыл сайын өткізіледі. Біз оқушыларымызды жыл сайын қатыстырып, тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беріп келеміз.
Жарыс барысында ата-аналар да балаларына қолдау көрсетті. Олар жас өнертапқыштардың өнерін тамашалап, робот құрастыруға атсалысты. Осылайша, сайыс балалардың техникалық дағдыларын шыңдап қана қоймай, ата-аналар мен балалардың ортақ қызығушылық төңірегінде бірігуіне де мүмкіндік берді. ROBOPARK LIGA XIII жас буынның инженерлік қабілетін дамытып, технология саласындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.