БІР МАМАНДЫҚ – МЫҢ МҮМКІНДІК
Бір мамандық – мың мүмкіндік. Бүгінде пошта байланысының операторы мамандығы сұранысқа ие кәсіптердің бірі. Әлеуметтік желі үстемдік алған ғаламтор ғасырында пошта қызметі өз қызметін мүлтіксіз атқаруда. Қазіргі таңда бұл мамандық бойынша азаматтар кәсіби білім алып қана қоймай, тәжірибе жүзінде шыңдалып, болашақ еңбек жолына дайындалады.
Колледждің материалдық-техникалық базасы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жаңартылған. Бұл студенттердің заманауи талаптарға сай білім алып, таңдаған кәсібін терең меңгеруіне жол ашады.
ТӨРЕХАН ҮСІПБЕКОВ, АРДАГЕР ҰСТАЗ
Мен бүгін базаны көріп өте қуандым. Менің уақытымда мұндай болған емес. Мемлекеттің бастамасымен 2025 жұмысшы мамандықтар жылы болып, соаған байланысты әр колледжге қаржы бөлінді. Соның арқасында қаладағы колледждерде база жаңарған.
Оқу бағдарламасының ерекшелігі – теория мен тәжірибенің ұштасуы. Студенттер үш ай бойы білім алып, кейін алты ай «Қазпошта» мекемесінде тәжірибеден өтеді. Осылайша, олар мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, кәсіби ортада жұмыс істеуге машықтанады.
ЕРКЕНАЗ ТАЛҒАТҚЫЗЫ, СТУДЕНТ
Бізде неше түрлі мамандықты оқытып ғана қоймай бізді ары қарай сол мамандықпен жұмыс істеуге көмектеседі. Ұстаздарымыз білікті, өз ісінің шеберлері.
Білікті ұстаздардан тәлім алып, тәжірибе арқылы шыңдалған жастар үшін бұл мамандық – болашаққа бастар жол. Ал колледждің басты мақсаты – еңбек нарығына қажетті, өз ісін жетік меңгерген мамандар даярлау. Кәсіби білім – жарқын болашақ кепілі.