Негізгі Жаңалықтар 300-ДЕН АСТАМ КӨПІР ТЕХНИКАЛЫҚ ТЕКСЕРУДЕН ӨТЕДІ

300-ДЕН АСТАМ КӨПІР ТЕХНИКАЛЫҚ ТЕКСЕРУДЕН ӨТЕДІ

Түркістан облысында 300-ден астам көпірдің техникалық жағдайын тексеру қажет. Өңірдегі өткелдерді жөндеу жұмысының сапасы және қозғалыс қауіпсіздігіне басымдық берілмек. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен мекеме басшыларының қатысуымен жиын өткізіп, жоспар бойынша нақты тапсырмалар берді.


Түркістан облысында 868 көпір бар. Оның 107-сі республикалық, 404-і облыстық, ал 357-сі аудандық маңызы бар автомобиль жолдарында орналасқан. Биыл 10 көпірді жөндеу және реконструкциялау жоспарланған. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 миллиард 800 миллион теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін оның алтауын пайдалануға беру көзделіп отыр.



Жөндеу жұмыстарына ауқымды қаржы жұмсалмақ. Алдымен  жөндеуді қажет ететін 10 көпір бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп, мердігер ұйымдар анықталған. Бұл жобаның жалпы құны – 7 миллиард 800 миллион теңге. Екінші кезекте жөнделетін жеті көпірге шамамен 4 миллиард 200 миллион теңге қаржы жұмсалмақ.


Облыс әкімі жауапты мекемелерге жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытында аяқталуын, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын тапсырды. Енді көпірлердің техникалық жағдайын бағалау нәтижелері негізінде жөндеу жоспары нақтыланып, қаржыландыру мәселелері тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталмақ. Басты міндет – апатты жағдайлардың алдын алып, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Бөлісу