ҚЫТАЙ МЕН ҚАЗАҚСТАН АРАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІК НЫҒАЮДА
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцюмен кездесті. Тараптар екіжақты экономикалық, инвестициялық не өңіраралық серіктестікті нығайту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқылады.
Екі жақты кездесуде тараптар сауда айналымын арттыру, бірлескен өндірістер ашу, заманауи технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру бағыттарын талқылады. Ал облыс әкімі Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңыздылығына тоқталды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Түркістан облысы мен Қытайдың бірқатар провинциялары арасындағы ынтымақтастық соңғы жылдары қарқын алып келеді. Бүгінде Түркістан облысында қытайлық инвесторлардың қатысуымен бірнеше ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта да жаңа жобаларды жүзеге асырып, әріптестік орнатуға дайынбыз.
Қытай консулы Түркістан облысының даму қарқынына жоғары бағасын беріп, әріптестікті нығайтуға күш салатынын жеткізді. Әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, логистика, «Жасыл экономика» және өзге де салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол екенін айтты.
СУ ФАНЦЮ, ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БАС КОНСУЛЫ
Қазақстан тарапынан екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға, екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға тың серпін берілуде. Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» қадам басты деп Қазақстанның президенті айтқан болатын. Екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі саяси сенім мен стратегиялық серіктестік сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 548,9 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда. Инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтіп, нақты жобаларды іске асыру арқылы өңірдің өндірістік және экспорттық әлеуетін арттыруға басымдық береді.