МЕДИА САЛАСЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ 60 ЖАСТА
Тәжірибелі журналист, білікті редактор Ләззат Жорабекова 60 жасқа толды. Отандық телевизия саласының дамуына үлес қосқан маман бүгінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің медиаорталығын басқарады. Мерейтойға орай оқу ордасында салтанатты жиын өтті. Әріптестері мен шәкірттері мерейтой иесін құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
Ләззат Жорабекованың 60 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға журналистика саласындағы әріптестері мен шәкірттері жиналды. Университет басшылығы да мерейтой иесіне құрмет көрсетіп, оның кәсіби еңбегіне жоғары баға берді.
ҚАЙРАТ БАЛАБИ, Ө. ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ РЕКТОРЫ
«Келген қонақтардың барлығы Ләззат Рүстемқызының абыройы мен кәсібилігін айтып жатыр. Мен де барлық жақсы тілектерге қосыламын. Өзім онымен үш-төрт айдан бері бірге қызмет етіп келемін. Ол – өте білікті маман. Соңғы 15 жылда университетіміздің беделін медиа және телевизия арқылы көтеріп, жоғары деңгейге жеткізуге үлес қосып келеді. Біздің мақтанышымыз деп айтуға толық негіз бар».
Ләззат Рүстемқызы жылдар бойы «Қазақстан» телеарнасында жемісті еңбек етті. Ол дайындаған сюжеттер мазмұны мен сапасы жағынан ерекшеленді. Телевизия саласында жинақтаған мол тәжірибесі бүгінде университеттің медиа саласындағы жұмысына да септігін тигізіп келеді.
ҒАНИ ҚАЛМАХАН, ТҮРКІСТАН МЕДИАХОЛДИНГІ АҚПАРАТТЫҚ-САРАПТАМАЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Біз Ләззат Рүстемқызымен «Қазақстан» ұлттық арнасында тілші болып жүрген кезімізде таныстық. Ол кезде ұлттық арнаның жаңалықтар бөлімінде орыс тілінде хабар дайындайтын тілшілер де болды. Мен қазақ тілінде, ал Ләззат Рүстемқызы орыс тілінде Астанаға ақпарат жеткізіп тұрдық. Мені тәнті еткені – оның орыс тілін жетік меңгеруі және көркем сөздерді орнымен қолданып, ақпаратты көрерменге әсерлі жеткізе білуі».
Бүгінде Ләззат Жорабекова Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің медиаорталығын басқарады. Ол білім мен ғылым жаңалықтарын халыққа сапалы жеткізуге, жас мамандардың кәсіби қалыптасуына үлес қосып келеді. Мерейтой иесі үшін бұл күн әріптестерімен және шәкірттерімен жүздесіп, атқарған еңбегіне ой жүгіртетін ерекше сәт болды.
ЛӘЗЗАТ ЖОРАБЕКОВА, Ө. ЖӘНІБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ОҚПУ МЕДИАОртАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Адам 60 жасқа келген соң артына бір қарап, не бітірдім, қандай шәкірт тәрбиеледім, жұмысымды жүйелі атқара алдым ба деп ойлайды екен. Бүгін қонақтар мен басшылықтың айтқан сөздеріне қарағанда, мен де аз да болса үлес қосқан сияқтымын. Университетіміз бен қаламыз өркендей берсін! Оқу ордамыз сапалы білім алған, білікті мамандарды даярлай берсін. Біз де осы жолда бар күш-жігерімізді аямай еңбек ете береміз».
Салтанатты жиында мерейтой иесінің медиа саласындағы еңбегі ерекше аталды. Әріптестері Ләззат Рүстемқызын кәсібилігімен және кейінгі буынға үлгі боларлық тәжірибесімен ерекшеленетін маман ретінде бағалайды. Жиын соңында мерейтой иесіне алғыс хаттар табысталып, гүл шоқтары ұсынылды. Қонақтар ақжарма тілектерін айтып, мерейлі жасымен құттықтады.