ТАУ БАУРАЙЫНДАҒЫ МАРАФОН
700-ге жуық адам Сайрам-Өгем ұлттық паркінде марафонға қатысты. Сайысқа ТМД елдері мен АҚШ-тан кәсіби спортшылар келді. Олардың қатарында салауатты өмір салтын серік еткен әуесқойлар да бар. Қатысушылар 5 және 8 шақырым қашықтыққа жүгіріп, өзара мықтыны анықтады.
Таза ауа, таудың әсем көрінісі мен спорттық рух. Осы үш артықшылық марафоншыларға ерекше жігер берді. Қатысушылар 5 және 8 шақырымдық қашықтықты еңсеріп, төзімділіктерін сынады. Ал медицина мамандары жарыс бойы спортшылардың жағдайын бақылауда ұстады. Өйткені тау бөктерінде жүгіру тыңғылықты дайындық пен шыдамдылықты талап етеді.
АРМАН ОСПАНОВ, СПОРТШЫ
600 спортшы қатысты. Оның 200 кәсіби спортшы. Соның ішінде біз де міне отбасымызбен жүгіріп шықтық.
МӘУЛЕН ЫСҚАҚОВ, СПОРТШЫ
Не деген табиғат, қараңыздаршы! Өте керемет жерде өтіп жатыр. Керемет эмоция алып жатырмыз. Жарайсыздар, осындай жарыстар жиі өтіп тұрса міндетті түрде келеміз.
Марафонның Сайрам-Өгем ұлттық паркінде ұйымдастырылуының өзіндік мәні бар. Жарыс арқылы өзге өңірлерден келген және шетелдік қатысушыларға еліміздің табиғи байлығын таныстыру көзделген. Сонымен қатар бастама өңірдегі туризмді дамытуға және оның аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
АСҚАР ӘБУБӘКІРОВ, «OPEN TURKISTAN» БАС ДИРЕКТОРЫ
Ұлттық табиғи парктерде жауапты туризм мәдениетін қалыптастыру, табиғи байлықтарды сақтау және тұрақты туризм қағидаттарын ілгерілету де маңызды бағыттардың бірі болып қала береді
Марафон «Әділет» партиясының қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шара аясында партия мүшелері Республика күніне орай биіктігі 4100 метр болатын Тәуелсіздік шыңына көтерілді.